БІРЛІКТІ ЕЛ АЛАР БИІК КӨП
1 мамыр күні Достық үйінің алаңында Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған «Болашағы біртұтас ұлт» атты форум өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық ассамблея, этномәдени бірлестік мүшелері, қала тұрғындары қатысты.
Қазақстан бүгінде берекелі тірлікпен талай белді асты. Достық пен бірліктің арқасында еліміз жылдан жылға өркендеп, гүлденуде
Шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, сан ұлттың саялы бесігі болған Сыр елінде бірліктің арқасында жүзеге асқан жетістіктерге тоқталды.
– Халқымыздың «Ырыс алды - ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық – бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазірде қазақ елі – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымы бар, берекесі мен бірлігі жарасқан табысты мемлекет». Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Еліміздегі қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халық достығының арқасында бүгінде мемлекеттіміздің экономикасы өркендеп, әлеумет ілгері басып келеді. Қоғамда тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы елімізде демократиялық мемлекет құруға және алға өрлеуге зор ықпал етуде. Елбасының көреген саясатының арқасында бүгінде 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Бірлік мерекесі күні Сіздерге бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс әкелсін! Ынтымағымыз жарасып, ырысымыз арта берсін», – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, салтанатты шарада Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреұлы, №198 орта мектептің мұғалімі Надежда Ярынюк, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жеткерген Жаншораев және Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің кафедра меңгерушісі, PHD докторы Сәбит Ибадулла жұртшылықты ынтымақ пен татулық мерекесімен құттықтады.
Шара аясында «ЭКСПО-2017», «Қуатты Қазақстан», «Бірлік, Ынтымақ, Бейбітшілік» деген жазулары бар лента байланған шар бумалары көкке ұшырылды. Мереке «Мақсаттар бірлігі – рух бірлігі» атты этномәдени бірлестіктерінің өнер фестивалімен жалғасты.