ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ: «ЖАСТАР ҮШІН БІЛІМ БАСЫМДЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК»
28 сәуір күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Достық үйінде «Тәуелсіз Қазақстан этносаясатының қалыптасуы» тақырыбында дәріс оқып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына баса назар аудартты.
Мақаланың маңызды бөліктерінің бірі білім берудің маңыздылығына арналған.
- Жастар үшін әрқашанда басым бағыт білім болуы керек. Білімнің маңыздылығын алдыңғы орынға қоятын ұлт қай кезде де үлкен биіктерді бағындырады. Сондықтан да қазақстандықтар эволюциялық даму мен ашықтық принципін ұстану қажет. Сананың ашықтығы өзгерістерге дайын болуға мүмкіндік береді және жаңа технологиялардың дамуына әкеледі,-деді облыс әкімі.
Бұл Қызылорда облысында да күн тәртібіндегі мәселе. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, аймақта сұранысқа ие мамандар қатарын толықтыру үшін облыс әкімінің және Ресей Үкіметінің гранты негізінде немесе «Серпін» бағдарламасы бойынша жастар оқуға жіберіліп, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге жалпыға бірдей тегін орта арнаулы білім беру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ондаған мың қыз-жігіттерді тегін жұмысшы мамандығымен оқыту жоспарлануда. Ал, осыдан бірнеше күн бұрын Қызылорда облысының әкімдігі мен «Microsoft» компаниясы Сыр өңіріндегі білім беру мекемелерінде озық технологияларды қолдану туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын.