СЕНБІЛІК КЕЗІНДЕ ШАХТИНСК ДӘРІГЕРЛЕРІ ЕР АДАМНЫҢ СҮЙЕГІН ТАУЫП АЛҒАН
Бүгін Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында сенбілікке шыққан қалалық аурухана дәрігерлері ер адамның сүйегін тауып алған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сенбілікке шыққандар аурухана іргесіндегі бұрынғы профилактория қоршауының түбіндегі үйілген жапырақты аршып жатып, адамның бассүйегіне ұқсас домалақ затты байқайды. Қоқысты арши түскен олар қаңқаға айналған ер адамның денесін тапқан. Дәрігерлер оның қалтасынан ауруханадан шыққаны жөніндегі анықтама, рентген түсірілімі мен жеке куәлік тапқандарын айтады.
"Марқұм көктем мезгіліге сай киінген екен, оның қалтасынан 1975 жылы туған Олег Яринге берілген жеке куәлік те шықты. Қалада тіркелген, мекен-жайы мен телефон нөмірі де жазулы тұр. Кезбеге де ұқсата аомадық, киімі таза. Анықтамаға қарағанда ауруханадан 2015 жылы шыққан. Біз полиция шақырттық та, көрсетілген телефонға қоңырау шалдық, ешкім көтерген жоқ»,-дейді қалалық аурухананың қызметкері Лена Фролова.
Шақыру бойынша жеткен полицейлер мұндай адамның іздеуде жоқ екендігін айтыпты. Ал оны туыстарының неліктен іздемегені түсініксіз.
"Мәйітке сараптама тағайындалып, тергеу басталды", - деді оқиғаға түсінік берген жергілікті ІІБ басшысы Думан Қожахметов.