АЙМАҚ БАСШЫСЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ
Қызылорда облысының әкімі, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев «Достық үйінде» 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Тәуелсіз Қазақстан этносаясатының қалыптасуы» тақырыбында дәріс оқыды.
Аймақ басшысы дәрісін Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен байланыстырып, мақаланың рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап бергенін атап өтті.
- Бұл мақалада көтерілген әр бір мәселе әр қазақтың, қазақстандықтың жүрегіне жылы тартқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екендігі даусыз. Қарапайым мақала емес халықты рухани байыту мақсатында жасалған маңызды қадам. Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың ұлттық құндылықтарын түгендеу, бүгінгі заман талабымен улестіре отырып жазуды көздейтін мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама деп айтуымызға әбден болады, - деді ол.
Одан әрі облыс басшысы еліміздің этносаралық бірлік пен қоғамдық келісім саясатының дүниежүзінің қызығушылығын туғызған бірегей модельге айналғанына тоқталды.
–Біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көп конфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық, деп Елбасы атап көрсеткендей қазіргі таңда бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан елге айналдық. Бүгінгі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – тыныштығымыз бен бірлігіміздің белгісі. -Ассамблеяның тәуелсіздік жылдарында құрылымы кеңейіп, ауқымы арта түсті. Ассамблея жұмысын оның жаңа мәртебесіне сәйкес күшейту жаңа деңгейге көтеру бағытында 2014 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ құрылды. Облыстық Ассамблея мазмұнын тереңдету мақсатында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дан Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды. 2015 жылы «Достық үйі» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, өңіріміздегі ассамблеяның құрылымдары берекелі бірлік пен ынтымақты тірліктің қалыптасуына, қоғамдық келісімнің нығаюына жұмыс жасауда, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Аймақ басшысы дәрісін жиналғандарды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, қорытындылады. Кездесуге келгендер облыс әкіміне өздерін толғандыратын сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.