БАТЫРХАННЫҢ ӘНІНЕ ТҮСІРІЛГЕН БЕЙНЕБАЯН ЖАРЫҚ КӨРДІ
Алматыда Батырхан Шөкенов айтқан әнге түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауы кесілді. Дарынды әнші көзі тірісінде бастап бірақ аяқтауға үлгірмеген «Нас исцеляет любовь» композициясы телеарналар мен радиоларға оның 55 жылдығына орайластырып берілетін болды.
«Бұл ән 2014 жылы туған. Голливудтық киноөндірісшілері маған композитор ретінде назар аудара бастаған осы сәтте мен Батырханмен таныстым. Мені студиясында шақырып, біраз әңгімелестік. Сол сәтте маған Батырға арнап ән жазу туралы ой келді. Ол менің ұсынысымды қолдап, Алматыға оралғасын жазуға отырдым. Кейін өзіне тыңдатқанымда ол бірден қабылдады», - деп еске алады ән авторы Әлім Зайыров.
Әлім осыдан кейін өзінің курстасы, ақын Юлия Теннен әнге сөз жазуын қолқалапты. Қысқа уақытта жазылған мәтін сазбен әдемі үйлесіп, Батырхан жаңа туындыны қуана қабылдаған екен.
Бірақ, шығармашылық топтың алдағы жоспарларын Батырханның оқыс қазасы үзіп кетті. Дарынды әнші дүниеден өткесін Әлім Зайыров композицияны аяқтауды өзіне парыз санағанын айтады. Оның бұл ойын «Батырхан Шөкенов атындағы қоғамдық қор» директоры Олжас Байқанов та қолдайды. Осылайша әнші атындағы қордың демеуімен дүниеге жаңа туынды келді.
Әйгілі әнші, дегдар музыкант Батырхан Шөкенов Сыр елінен шығып, жарты әлемге танылған ерекше дарын иесі еді. Өнер жолын «Арай» ансамблінен бастаған ол «А'Студио» құрамында ТМД сахнасын бағындырды. Кейін жеке өнер көрсеткен әнші осыдан 2 жыл бұрын 2015 жылдың 28 сәуірінде Мәскеуде көз жұмған еді.