КӨШПЕЛІ АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Кеше Сырдария ауданында облыстық денсаулық сақтау басқармасының көшпелі алқа мәжілісі өтті. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова, аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова және Қызылорда қалалық, Сырдария, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері мен тиісті бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көшпелі алқа мәжілісіне қатысушылар ең алдымен аудандық мекемелер үйінде болып, ғимарат жұмысымен танысты. Мұнан кейін сала мамандарының қатысуымен аудандық мәдениет үйінде кеңейтілген жиын өтті.
Жиын барысында «Амбулаториялық-емханалық» қызметі бар Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Манат Садықова есепті мерзімде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Көшпелі алқа мәжілісінде аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы хабарлама жасап, сала мамандарынан құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің әрбір ауылды аралап, түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Мұнан соң аудандық аурухананың бас дәрігерлері хабарлама жасап, бекітілген жоспарлардың орындалу барысын жеткізді. Жиын соңында басқарма басшысы Ақмарал Шәріпбайқызы сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, халық денсаулығын жақсарту – басты мақсат екенін атап өтті.