ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ: «ЗАҢДАР САПАСЫ ЕЛІМІЗДІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНА ЖОЛ АШАДЫ
«Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген жиналысында Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің дамуы, ағымдағы сын-тегеуріндері мен келешегі талқыланды.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.
«Елбасы тапсырмасымен Салық кодексіне өзгертулер енгізу жайы талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы бұл мәселені ҚР Премьер-министрі, ҚР Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктеріне «Атамекенмен» бірлесіп шешуді тапсырды. Талқылауға депутаттардың белсенді қатысқанын қалаймыз. Егер депутаттар тарапынан заңнама тұрғысында қандай да бір ұсыныс, ескертпелер мен толықтырулар айтылса, оларды бірден ескеруіміз керек. Өйткені, сапалы жазылған заңдар еліміздің тұрақты дамуына жол ашады, бұл мәселе кәсіпкерлер үшін маңызды», – деп, ойын білдірді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев.
«Атамекен» басшысы инвестициялық үдерісті де сөз етті. Бұл салада да заңнаманың маңызы айтылды. «Салық», «Экологиялық», «Кеден» кодекстері қалай жұмыс істейтінін түсінбей, инвестициялық үдерісті де болжау қиын», – деді Төралқа Төрағасы.
Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске соңғы үш жылда – 500 өзгерту, ҚР Салық кодексіне соңғы 9 жылда – 2500 өзгерту, Экологиялық кодекске 500 өзгерту енгізілгенін айтты.
«Міне, осындай заңдық тұрақсыздықта ұзақ мерзімді инвестицияларды жоспарлау мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Кез келген инвестиция келешекке бағдар жасаудан басталады: ертең қандай экономикалық ахуал болатыны маңызды. Сондықтан, бұл бағытта үкіметтің жақсы экономикалық бағдары керек. Үкіметтік бағдар бізге бюджеттік, тарифтік, салықтық саясаттың ұзақмерзімді көрінісін анықтау үшін керек. Осы ретте Ұлттық банк бізге несиелік-қаржылық саясаты бойынша бағдарын беруі шарт», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев.