ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА ФОТОКӨРМЕ ЖАСАЛДЫ
Биыл еліміздің Ұлттық ұланына 25 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Республика сарайында Вячеслав Гельблингтің жеке сурет көрмесі өтті, деп хабарлайды «24kz».
Ұлттық ұланда ұзақ жылдар еңбек еткен фототілшінің шығармашылық қорында өткен күндерден сыр шертер миллионнан астам сурет бар. Көрмеге соның 60-тан астамы ғана қойылды. 2003-2016 жылдар аралығында түсірілген бұл туындылар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қалыптасу кезеңдерін баяндайды.
- Бұл фотокөрме жастар тәрбиесіне үлкен үлес қосады,- дейді ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов. – Ұлттық ұлан сарбазы болу оңай емес. Олар өткен сынның әр сәтін осы көрме туындыларынан табуға болады.
Шынымен де көрмедегі әр сурет тарих. Кешегі күннің көмескіленбес бейнесі.
– Арнайы бөлімше кадрды жаңалап түсіру үшін алдыңғы жүрістерін қайталамайды. Сондықтан ерекше сәтті қалт жібермеу үшін оларға ілесе жүгіруім керек немесе озып кетіп, көз алдымнан өте шыққанша күтіп тұруым керек. Бұл сондай еңбекпен келген суреттер,-дейді Вячеслав Гельблинг.
Іс-шара аясында Қазақстан Ұлттық ұланының ән-би ансамблінің концерті болды. Көрмеге келген қонақтар оркестр репертуарындағы шығармаларды тыңдап, бишілер өнерін тамашалады.