АССАМБЛЕЯНЫҢ XXV-ШІ СЕССИЯСЫНА СЫР ЕЛІНЕН 20-ДАН АСТАМ ДЕЛЕГАТ ҚАТЫСТЫ
Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXV-ші сессиясы өтті. Бұл – тұрақтылық пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің символына айналған Ассамблеяның мерейтойлық жиыны болды. Оған 2000-ға жуық адам қатысты. Елордада өткен сессияға Қызылорда облысынан 20-дан астам делегат барды. Бұл жолғы сессияда мемлекет жаңғыруының негізгі кілті талқыланды.
Елбасы маңызы жоғары жиында «Бірлігіміздің бастауы ретінде құрылған Ассамблея өзіне жүктелген міндетті үлкен абыроймен атқарып келе жатқаны көз алдымызда. Бірліктің киелі бесігі, елдің ортақ мақсатқа жұмылдырылған бірегей тетігі ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы» деп атап өтті.
«Тұрақтылық, бірлік, келісім» қазақ елінің азаттық алғалы бергі ұранына айналған осы тақырып кешегі өткен сессияға арқау болды. Қазақ елінің осы күнге дейін жеткен жетістіктерінің негізгі кілті – халық бірлігінің нәтижесі. Бұл орайда тұтастықтың құтты шаңырағына айналған Ассамблеяның орны ерек.