КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖАҢА ТАЛАПТАР
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жанындағы Консультативтік кеңестің кезекті мәжілісі осы тақырыпқа арналды.
Департамент басшысының орынбасары Әли Қабиұлы Майхиев бұл мәжіліске шығарылып отырған тақырып өткен жылдың 30 қарашасында қол қойылған «Қазақстан Республикасының салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен қолданысқа енген жаңа талаптарды түсіндіру бағытында жүргізіліп отырған кезекті шара екенін атап өтті. Жыл басынан бері кеден бағытындағы бірқатар өзгерістерді таныстыру үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалымен бірлескен бірнеше «дөңгелек столдер» өткізілді, жергілікті баспасөзге жарияланымдар берілді.
Мұнан соң кеден саласында болып жатқан жаңа өзгерістер мен тың бастамашылықтар бойынша Кедендік бақылау басқармасының маманы Талғат Төлегенов хабарлама жасады.
Тауарға арналған декларацияны ұсыну кезінде адам факторын болдырмауға мүмкіндік беретін электронды декларациялаудың жаңа нысаны АСТАНА-1 ақпараттық жүйесін таныстырды. Бұл ақпараттық жүйе Бүкіләлемдік сауда ұйымының нормаларына және халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған. Алдымен Астана, Алматы қалалары және Алматы, Қарағанды облыстары бойынша МКД базасында қанатқақты сынақтар басталды. 2017 жылдың ақпанына Қызылорда облысы бойынша МКК қызмет аумағында да қанатқақты сынақтар басталып, екі айдың көлемінде Департаменттің кеден бекеттерімен 993 ТАД толтырылып, тіркелген. Күтілетін түпкілікті нәтиже: 2017 жылдың 1 шілдесінен толықтай өндіріске енгізу.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 30 сәуірдегі №32-Р өкімімен облыс орталықтарында және Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ ЕЭО сыртқы шекарасының Қазақстан учаскесіндегі өткізу пункттеріне тікелей жақын жерде кедендік рәсімдеу орталығының құрылысын қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар жүргізілуде. Кедендік рәсімдеу орталығының жаңа нысаны тауар айналымын, жүк ағымдарының көлемін, облыстың географиялық орналасуына қарай, басқа да мемлекеттік бақылаушы органдармен бірлесіп құру үшін 3 түрлі үлгіде жүргізілуде:
- 40 жұмыс орынына 6 га жер учаскесімен;
- 60 жұмыс орынына 8 га жер учаскесімен;
- 120 жұмыс орынына 10 га жер учаскесімен.
Тауар ресімдеу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған мұндай Кедендік ресімдеу аумақтарының құрылысын аяқтау аймақтарда 2018 жылы жоспарлануда.
Мәжіліс төрағасы Ә.Майхиев «Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы» және Кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы өкілдері сұрақтарына жауап берді, делінген департаменттің баспасөз қызметінің хабарламасында.