«МЫҢ БАЛА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Достық үйінің мәжіліс залында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында «Мемлекеттік тілді меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар-тренинг болып өтті.
Шараға «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Ержан Уәйіс, аталмыш мекеменің бас сарапшысы Шакизат Әбдіраманова және қаланың аралас мектептерінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты.
«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы – этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушыларына, жастарына мемлекеттік тілді үйрету барысында қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруді, қазақстандық бірегейліктің азаматтық қағидаттарын қалыптастыруды көздейді.
Жиналғандардың алдында облыстық тілдерді оқытудың өңірлік орталығының аға оқытушысы, оқу әдістемелік әзірлемелердің авторы Ж.Ерекешова, үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандырылған «Мұрагер» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Д.Қорабаева, Ж.Қизатов атындағы №23 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі М.Ибадуллаева, И.Панфилов атындағы №5 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Мақұлбекова сөз сөйлеп, оқыту әдістерінің жаңаша тәсілдерімен бөлісе отырып, өзара тәжірибе алмасты.