28 СӘУІР КҮНІ ЕЛДІҢ ОҢТҮСТІГІНДЕ ҮСІК ЖҮРЕДІ
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 28 сәуір күні елдің басым бөлігінде жаңбыр жауады, оңтүстік және оңтүстік-шығыста нөсерлі жауындар күтіледі, тек батыс аймақтарда күн райы ашық болады.
Республиканың кей жерлерінде найзағай, тұман күтіліп, екпінді жел соғады, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста бұршақ жаууы ықтимал, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Алматы облысының кей жерлерінде 18-23 м/с жылдамдықта жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін.
Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей аумақтарында 15-20 м/с жылдамдықта соққан желдің екпіні, таңертең және күндіз Жамбыл облысында 25 м/с жетуі ықтимал. Жекелеген жерлерде бұршақ күтіледі.
Қарағанды, Қызылорда, түнде және таңертең Ақмола, күндіз Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді, Қызылорда облысында оған шаңды дауыл қосылады.
Солтүстік Қазақстан облысының жекелеген жерлерінде тұман болжанады, күндіз жел 15-20 м/с артады.
Қостанай облысының түнде және таңертең кей жерлерін тұман басады.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында түнде топырақ бетінде үсік жүреді.
Қарағанды облысының оңтүстік- шығысында өрт қаупінің жоғары деңгейі күтіледі.