РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТ ҚУАТЫ
Қазалы аудандық мәдениет орталығында ауданның мәдениет саласы қызметкерлері арасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылауға арналған жиын болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев Елбасы жазған еңбектің басты бағыттары жайлы айтты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Толыбай Жүсіпов «Рухани құндылық – ұлт қуаты» атты тақырыпта баяндама жасады.
Мақалада айтылғандай «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап көрсеткен. Шындығында рухы биік азаматтары бар елдің болашағы жарқын болары сөзсіз.
Ұлттық рухы зор, мәдениеті озық елдер көп жетістікке жетері анық. Сол себепті, Елбасы ұлттық мәдениетті сақтай отырып, жаңғыру мен ұлттыңдамуына кедергі келтіретін кертарпта әрекеттерден арылу қажеттігін түсіндірді.
Елбасы өз мақаласында ұлтымыздың мәдениетін сақтап қалуға аса мән беруі сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Сонымен қатар, мәжіліс барысында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Злипа Мұстафаева «Ұлт тарихындағы Ұлы белес», Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің директоры Фариза Құлмырзаева «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты тақырыптарда баяндама жасады.
Бекзат ӘЖІМҰРАТ.