САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ – ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУДЫҢ КЕПІЛІ
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде «Сапалы қызмет көрсету – жемқорлықты болдырмаудың кепілі» атты пресс тур өтті. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері, олардың сапасын көтеру мақсатындағы жаңа талаптар туралы ақпарат беруге арналған пресс тур департаменттің «Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығында» басталды. Департамент басшысының орынбасары Мұса Қалдарбеков журналистерге мемлекеттік кірістер органдары қызметін насихаттаудағы қызметі үшін алғыс білдірді. Мұнан соң БАҚ өкілдері салық төлеушілерге көрсетіліп отырған қызметтерді жетілдірілген деңгейімен танысты.
«Қызылорда-кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетінде департамент басшысының орынбасары Әли Майхиев журналистерге кедендік бақылау амалдары мен тауарларды кедендік тазартудан өткізу жүйесін таныстырды. Мұнан соң, кеден бекеті басшысының орынбасары Қайрат Ердібаев жаңа жоба - электронды декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі туралы айтып берді. Бүкіләлемдік сауда ұйымының нормаларына және халықаралық стандарттарға сәйкес, 90-нан астам елдерде белсенді қолданылатын ASYCUDA бағдарламасы негізінде жасалған бұл жүйенің пилоттық нұсқасының бірінші кезеңі 2016 жылдың шілде айында Астана қаласындағы МКД базасында іске қосылған болатын. 2017 жылдың 15 ақпанынан бастап жоба біздің аймақтағы мемлекеттік кірістер департаментінде қолданылуда.
Департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасының бас маманы Мақсат Әбдікамалов сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу және болдырмау мақсатында іске асырылып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді.
Тұтынушыға 50-ге жуық қызмет түрлерін көрсететін мемлекеттік кірістер органдары жұртшылық үшін де, бизнес үшін де қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтады. Ашықтық пен мөлдірлік, жылдамдық пен сапалы қызмет – жаңа бағдарламалар мен ережелерді енгізудің түпкі нәтижесі осы болу керек.