«ДЕЛЬТА-СЫРДАРИЯ»: ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ БІРЛЕСКЕН КҮРЕС БАСТАЛДЫ
Аймақта есірткі алқаптарын анықтау мақсатында облыстық ішкі істер департаменті министрлікке «Дельта-Сырдария» арнайы құрылымдық бөлімшесін құру жайлы ұсыныс енгізген болатын. Ұсыныс министрлік тарапынан қолдау тапты, соған сәйкес 2017 жылдың 1 маусым – 30 қазан аралығында аумақтық Ішкі істер департаменттерінің жедел қызметкерлерін және Ұлттық Ұланның тікұшақ техникаларын, сондай-ақ «Бүркіт» арнайы жасағының әскери қызметкерлерін жұмылдыру жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметінен.
Осыған байланысты кеше «Республикалық «Көкнәр-2017» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысындағы ведомствоаралық іс-шараларды үйлестіру» тақырыбында кеңес өткізіліп, құзырлы мемлекеттік органдар облыс аумағында есірткі заттарын заңсыз егудің жолын кесу бағытында бірлесіп атқарылатын іс-шаралар мен міндеттерді талқылады.
Кеңеске облыстық әкімдік қызметкерлері, облыстық прокуратура, ҰҚК-нің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, шекара қызметі, Ұлттық Ұлан өкілдері қатыстырылды.