ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА: ПРЕЗИДЕНТТІК ТЕСТІЛЕУ ҮРЕЙ ТУДЫРМАУЫ ТИІС
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева бұқаралық спортты дамыту бойынша депутаттар ұсыныстарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенаттың жалпы отырысында «Дене тәрбиесі және спорт мәселелері бойынша ҚР-дың бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, екі оқылымда қабылданды. «Көптеген спортшылар, оның ішінде кәсіби спортшылар Президенттік тестілеу өте қиын екенін айтуда. Соңғы жылдары депутаттар бірнеше рет Президенттік тестілеуді қиындық дәрежесіне қарай бірнеше санатқа бөлу туралы ұсыныстарды көтерген болатын. Бұл қадам адамдардың спорттан алшақтамауына, аталған тестілеу алдында үрей туғызбас үшін қажет»,-деп тоқталды сенатор. Оның сөзіне қарағанда, депутаттар Мәдениет және спорт министрлігіне ҚР Қаржы министрлігімен бірлесе кәсіби, мамандандырылған және бұқаралық спортты қаржыландыру бойынша бюджеттік бағдарламаларды бөлу мәселесін қарастыруды ұсынып отыр. Сонымен қатар кәсіби спорт клубтарына, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне салықтық жеңілдіктер ұсынған абзал. Мұнымен қоса, спорт санаттары бойынша пайыздық деңгейде бюджеттен қаржыландыру көлемін айқындау мәселесі атап өтілді. Бұл тұрғыда бұқаралық спортқа 30 пайыздан кем емес деңгейді белгілеу ескерілген. Д. Назарбаева мектептерде спортқа баулу сабақтарында біркелкілік жоқ екенін атап өтті. Осы орайда мектепте спортты дамытудың бағдарламасын әзірлеу мен спорт түрлері бойынша тізімді бекіту ұсынылды. Белгілі болғандай, мектептердің 60 пайызында дене шынықтыру бойынша сағаттар санын арттыру үшін жағдай жоқ. Сондықтан да жеке бизнесті тарта отырып, спорттық инфрақұрылымды дамытудың бөлек бағдарламасы қажет болып тұр.