ЕЛУ АЛТЫ ЕЛДІ МЕКЕНДІ СУ БАСУ ҚАУПІ БАР
Бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде су басу қаупінің алдын-алу жұмыстарының барысы жайлы баспасөз-мәслихаты өтті. Оған облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, облыстық ТЖД басшысы Омар Бержанов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов, «ҚазСуШар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров қатысты.
Қазір Шардара мен Көксарай қоймалары суға толып, таулы аймақтардағы шауын-шашын салдарынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына облыс шекарасындағы Көктөбе су бекетінен секундына 1500 текше метр су өтуде.
-Қызылорда облысының аумағында 56 елді мекенді су басу қаупі бар. Қазіргі кезде сол аймақтарда төтенше жағдайды болдырмау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 135 жауапты мекеме бекітіліп, 403 техника мен 1685 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар су басу қаупі бар аумақтарда 375 мың адам 79 мың тұрғын үй, 247 мың мал басы бар. Халық болған жағдайға сабырлылық танытып, сақтық шараларын атқаруда жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, қажет болған жағдайда көшуге дайын болулары керек, - дейді С.Сермағамбетов.
Облыс бойынша елді мекендердің басым бөлігі дария жағалауында орналасқандықтан адам және мал шығынын болдырмау, темір жол, автокөлік жолдарына және злектр желілеріне зақым келтірмеу мақсатында барлық аудандар мен қалада жедел штаб құрылып, азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимге көшірілген.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыхановтың айтуынша «Казгидромед» және Өзбекстанның «Узгидромед» мекемелерінің ресми мәліметтеріне сәйкес облыс аумағына келетін су мөлшері секундына 1800-2000 текше метрге дейін жоғарылауы мүмкін. Су басу қаупін болдырмау үшін Шиеліден Күміскеткен су қоймасының жобасы әзірленуде. Қазір мұнда 60 текшеметр су келіп түсуде. Жоба толық жүзеге асқанда қойманың су сақтау көлемі 600 миллион текше метрге дейін ұлғаяды.
Фариза ОМАРОВА