ОЛАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ!
Осыдан 31 жыл бұрын Чернобыль атом электр стансасында болған апат Кеңес одағын ғана емес күллі әлемді әбігерге салған еді. Жер шарын тітіреткен жарылыс жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Апат құрбандарын еске алу шарасы жыл сайын ұйымдастырылады. Оның зардабын жоюшыларға құрмет көрсетіледі. Дәстүрге сай осындай шара биыл да «Тағзым» алаңында өтті.
«Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша шарада апат зардабын жойған азаматтарға облыс, қала әкімдерінің, қоғамдық ұйымдардың грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді.
Қызылорда қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Шахатов мұндай митингілердің жыл сайын өткізіліп тұратындығын айтады.
— Атом электр стансасындағы апатты жоюшылар бүкіл әлемді қорғап қалды десек артық айтпаған болар едік,– дейді ол. – Кеңес Одағы тұсында апат жайлы көп айтқызбауға тырысты. Көп дерек жасырын қалды. Осындай сәтте жарылыстың зардабын жоюға қатысқандар жандарын шүберекке түйіп жүріп, көп қауіптің алдын алды. Жылына бір мәрте, осы шарада сол кездегі еске аламыз, бүгінде арамызда жоқ жігіттердің рухына бас иеміз.
Бұл күні мемориал маңына апат зардабын жойған азаматтардан бөлек, Ауған соғысының ардагерлері, студенттер, әскери-техникалық мектеп курсанттары, ҮЕҰ өкілдері жиналды.
Облыс бойынша Чернобыльге 880 адам шақырылған екен. Бүгінде солардың 286-і ғана арамызда жүр.
Митингте қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуаныш Жанұзақов сөйлеп, чернобыльші азаматтардың ерен ерлік танытқанын атап өтті, оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан құрмет пен қолдау жайлы айтты.
Жиналған жұрт бүгінде ортамызда жоқ Чернобыль ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың рухына бағышталып Құран оқылды.