ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, онда су тасқынының алдын алу жайы қаралды.
Отырыста аймақ басшысы Шардара су қоймасынан бізге мол су жіберілуі күтіліп отырғандығын, соған сәйкес өңірде су тасқынын болдырмау мәселесінің өзекті болып отырғандығын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша біздің облысымызда су басу қаупі туындауда. Бұған себеп, Шардара мен Көксарай су қоймалары суға толып, таулы аймақтардағы жауын-шашын салдарынан жоғарыдан өте көп мөлшердегі судың келуі. Алдын ала есептемелер бойынша Сырдария өзені арнасымен сәуір айының 30-на секундына 1600 текше метр мол судың келетіні анықталып отыр. Бұл әдеттегіден екі есе көп. Осыған орай, жұмылдыру және төтенше жағдайлар қызметтері, қала мен аудан әкімдіктерінің қабылдаған шаралары нәтижесінде дариядан осы көлемдегі суды қауіпсіз өткізу қажет,-деді облыс әкімі.
Синоптиктер болжамынша мамыр айының басында оңтүстік өңірлерде жауын-шашын мол түседі. Осыған сәйкес су мөлшері секундына 1800-2000 текше метрге дейін өсуі мүмкін.
Ал біз осы суды қабылдауға қаншалықты дайынбыз? Егер су мол болып, дария арнасынан асып кетіп жатса өзен жағалауындағы бірқатар елдімекендерге қауіп төнері анық.
Штаб отырысында облыс әкімінің орынбасарлары Серік Қожаниязов пен Серік Сүлейменов, қала мен аудан әкімдері, жауапты мекеме басшылары, ардагер мамандар өңірдегі ахуал туралы пікір-ұсыныстарын баяндады.
Отырыста аудан әкімдері селекторлық байланыс арқылы облыс басшысына есеп берді. Су апаты мал мен жанның мазасын алмас үшін тасқынды болдырмаудың барлық амалы жасалып жатыр.
Тиісті мамандардың есебін тыңдап, түйін жасаған аймақ басшысы жұмысты әлде де жүйелей түсуді тапсырды. Ел тосын оқиғадан жапа шекпеуі үшін облыс бойынша су басу қаупіне байланысты төтенше жағдайдың алдын алу шараларын жариялады. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыла жұмыс істеу қажет. Мол суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету облыс әкімінің орынбасарлары Серік Қожаниязов пен Серік Сүлейменовке, аудандар мен қала әкімдеріне, жұмылдыру және төтенше жағдай мемлекеттік органдар басшыларына жүктелді.