КӘСІПКЕРДІҢ 37 МЛН.ТЕҢГЕСІ ӨЗІНДЕ ҚАЛДЫ
Осы жылдың наурыз айында Кәсіпкерлер палатасына «Сыбаға» ЖШС басшысынан құқығын қорғау жөнінде өтініш түседі. Кәсіпкер бұл өтінішінде өзінен мемлекеттік орган 37 млн.теңгеден астам қаржы өндіруді сұрап сотқа бергенін айтқан.
«Кәсіпкерден түскен өтінішті зерттегенімізде біз мына жайтты анықтадық. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облыстық департаменті «Сыбаға» ЖШС-ін сотқа береді. Мемлекеттік орган сотта кәсіпкерге монополиялық жоғары баға қойғандығын айтып, айыппұл ретінде есептелген 3031894 теңгені, сондай-ақ монополиялық кірісі 34238127 теңге, барлығы 37270021 теңгені өндіріп беруді сұраған. Бұл жерде мына нәрсені ескеру керек, мемлекеттік орган «Сыбағаны» тексергенде «монополист» деген шешім шығарған және осы қабылдаған шешімі бойынша сотқа беріп отыр. Алайда, Мемлекеттік реестрдегі реттелетін нарықтағы үстем және монополиялық жағдайдағы субъектілер тізімінде «Сыбаға» жоқ. Біз осы мәселені алға тарта отырып, сотта кәсіпкердің құқығын қорғап қала алдық. Кәсіпкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық іс тоқтатылып, нәтижесінде «Сыбаға» ЖШС 37 млн.теңгеден астам қаржысын сақтап қала алды», - дейді Палата заңгері Ирина Ким.
Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жыл басынан бері кәсіпкерлердің 65 млн. теңгеге жуық қаржысын сақтап қала алды.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі