ЖАСТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІН КҮТІП АЛДЫ
Америка Құрама Штаттарының Техас штатында пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында қызылордалық атлет Елдос Ермаханов 172,5 келіні бағындырып, күміс жүлде иегері атанған еді. Әлемдік додада озық шыққан спортшыны аймақ жастары теміржол вокзалынан күтіп алып, жеңісімен құттықтады. Бұл туралы облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі хабарлайды.
Пауэрлифтинг, яғни штанганы жатып сығымдап көтерумен жастайынан айналысатын ол ғаламдық додаларда топ жарып жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшы ел чемпионатының 9 дүркін жеңімпазы, Азияның 2 дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Елдос 1990 жылы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетін құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Енді ол мамыр айында Литвада өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.