ҚАРА ЖАМЫЛМА, ҚАЗАҚ БАЛАСЫ!
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында өтiп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында жастарға қара жамылмаңдар, бұл қазаққа тән емес дедi. Бұл жайында Baq.kz хабарлайды.
«Бiз «ұлт» деген сөздi жиi қолданамыз. Мен «ұлт» деген сөздi Қазақстанның барша азаматтарына қатысты қолданамын... Бiз басымызды артқа бұрып қойып, алдыға жүре алмаймыз, кез келген тасқа шалынып, басымызды жарып алуымыз мүмкiн. Сондықтан, бiз қазiргi күнге жарамайтын нәрселерден бас тартуымыз керек. Мысалы, әлемнiң кейбiр аймақтарында Ислам әлемi мен лаңкестiктiң дамып келе жатқанына куәмiз.
Бұл бәрiмiздi орта ғасырлық кезеңге, яғни артқа тартады. Сондықтан, мен жастарға керiтартпалық жасамаңдар деп ескертемiн. Қара жамылмаңдар, бұл қазақтарға, жалпы баршамызға мүлдем тән емес. Бiзге басқа, бөтен атрибуттар әкелiнiп жатса, алға қалай жылжуға болады? Сондықтан, бiртектiлiк болу керек. Ол дегенiмiз бiз барлығымыз бiр мақсатты ұстанып, сол мақсатқа бiрге жетуiмiз қажет», - дедi Мемлекет басшысы.
Атап өтсек, «Жаңғырудың негiзi - тұрақтылық, бiрлiк, келiсiм» тақырыбындағы сессияға елiмiздiң түрлi аймақтарынан 1500-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында Ассамблеяның барлық өңірлерден келген мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары,
Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ-ның басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.