«ДАМУ» ДЕМЕГЕН БАСТАМАЛАР
Кеше «Даму-Сырдария» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасының Қызылорда қаласындағы қатысушы-кәсіпорындарына пресс-тур ұйымдастырылды.
Пресс-тур аясында БАҚ өкілдері мемлекеттік қолдаудың көмегімен кәсібін жүргізіп отырған үш шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметімен танысты.
Бірінші кезекте журналистер жабық футбол клубының жұмысымен танысты. Жоба «Спортмастер СБ» ЖШС компаниясының бастамасымен жүзеге асуда. Компания директоры Бауыржан Махмұтов спорт кешенін ұйымдастыру туралы көптен бері ойластырған екен. Бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін жас кәсіпкер «Даму-Сырдария» аймақтық бағдарламасы аясында 8,5% үстемемен «БанкЦентрКредит» АҚ-нан 20 млн.тенге рәсімдеді. Бұл ретте банк алдындағы кепілмүлік жетіспеушілігін «Даму» Қорының 80% кепілдендіру құралының көмегімен шешуге мүмкіндік туды.
Спорт кешенінің қызмет құны бәсекелестерден әлдеқайда төмен болғандықтан, тұтынушылары көп.
Қызылорда облысындағы автосусабын шығаратын жалғыз кәсіпорын да өз кезегінде «Даму-Сырдария» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Жеке кәсіпкер Серік Махамбетов өзінің жуып-тазалауға арналған сұйық заттар шығаратын цехын «Банк Центр Кредит» АҚ алған несие қаражатына ашты. Бизнесменнің сөзінше ЕДБ қаражат тарту кезінде кепілмүлікпен жетіспеушілігі мәселесін «Даму» Қорының кепілдендіруімен оңтайлы шешті.
Несие қаражатын Серік Махамбетов химиялық заттарды өндіретін құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсады. Кәсіпкердің ісіне тікелей бәсеке болатындай кәсіпорын аймақта жоқ. Бәсекелес ретінде жуып-тазалайтын заттарды көтерме және бөлшек саудалайтын сатушыларды атауға болады, алайда олар өндіруші болмағандықтан тиімді әрі төмен баға саясатын орната алмайды. Кәсіпорын өнімдерінің бағасы оны сатушылардың бағасымен салыстырғанда 30% төмен болып отыр.
Бизнесменнің сөзінше, дұрыс қойылған баға қатынасы мен оның сапалылығы өзінің оң нәтижесін де әкеледі. Оның ұраны — қолжетімді бағадағы кәсіби өнімдер. Бір тәуліктік өндіріс қуаты 200 литрді құрайды және зауыттың айлық өнімділік көлемі 5 тоннаға жетуде. Жобаны жүзеге асыру арқылы кәсіпкер 8 жаңа жұмыс орнын ашты.
Пресс-тур Бекзат Алмахановтың техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысымен танысудан соң өз мәресіне жетті. Жас кәсіпкер қызмет көрсету станциясын кеңейту мақсатында 10 млн.теңге несиеге «Даму» Қорының кепілдендіруі арқылы 8,5% үстемемен қол жеткізді. Несие қаражаты оның бизнесін кеңейтуге мүмкіндік беретін қажетті құрал-жабдықтар мен металл ангарын сатып алуға жұмсалды. Жеке кәсіпкердің бизнесін дамытуға «Даму-Сырдария» Қызылорда облысының шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырудың аймақтық бағдарламасы аясында мүмкіндік туды. Бағдарламаға қатысудың нәтижесінде кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашты.
2016 жылы Қызылорда облысының әкімдігі мен «Даму» қоры бірлесіп Қызылорда облысының кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Даму-Сырдария» бағдарламасының жүзеге асуына 1,5 млрд.теңге қаржы бөлген болатын. Аталған бағдарлама аясында өңіріміздің 40 кәсіпкері 180 млн.теңгеге дейінгі несиені «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Казкоммерцбанк» АҚ 8,5% үстемемен рәсімдеуге мүмкіндік алды.