МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАЛАБАҚША АШУ ҰСЫНЫЛДЫ
Өңірімізде жыл сайын азаматтардың алғашқы мүгедектікке шығуы өсіп, 10 мың адамға шаққанда 30,6-дан 32,0-ге дейін көбейген. Мысалы, 2013 жылы алғашқы мүгедектікке 1950 азамат шықса, 2016 жылы олардың саны 2463-ті құраған, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Талдау нәтижесінде мүгедектерге әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуде жүйелі проблемалар, оның ішінде оңалтудың жеке бағдарламасымен мүгедектердің толық қамтамасыз етілмеуі, белгіленген жұмыс квоталарының орындалмауы, ғимараттар мен құрылыс объектілерінің бейімделмеуі, салық жеңілдіктерін пайдаланбауы анықталды
Осыған орай Қызылорда облыстық прокуратурасы облыс әкімдігімен бірлесіп «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық» жобасын жүзеге асыруда.
Алға қойылған міндеттерді орындау мақсатында №278 орта мектебінің мәжіліс залында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы балабақша немесе топтар ашу жөнінде Қызылорда қаласындағы жеке балабақшалар құрылтайшыларымен кездесу өткізілді.
Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Қ.Құлжанов жобаның мақсатымен таныстырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға мектепке дейінгі білім беру және оларды ортаға бейімдеу үшін арнайы балабақшалар немесе топтар ашудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде Қызылорда облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетов 2013 жылмен салыстырғанда мүгедек балалардың саны облысымызда 30 пайызға өскенін атап өтсе, басқарманың бөлім басшысы Ш.Жүнісова өз хабарламасында қаладағы мүгедек балалардың 20 пайызы ғана мектепке дейінгі білім берумен қамтылғанын және тек бір бұзылыстағы балаларға 3 арнайы топтар мен 15 инклюзивтік топтар жұмыс жасайтынын айтып, өңіріміздегі бірқатар проблемаларға назар аударды.
Отырыс барысында осы салада жүрген кәсіпкерлерге балабақша ашу тәртібі, мемлекеттен берілетін көмек және тағы басқа ерекшеліктері түсіндіріліп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Талқылаудың қорытындысы бойынша жеке балабақша өкілдері өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, мұндай білім беру ұйымдарын ашуға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, облыстық білім басқармасына балабақша ашуға ниет білдірген кәсіпкерлік субъектілерін айқындап, оларға құқықтық және басқа да көмек көрсету ұсынылды.