«ГАЗЕТА.РУ» ПЕТЕРБУРГ ТЕРАКТІСІНЕ ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІ ЖАРИЯЛАДЫ
Петербургте болған жарылыстарға тапсырыс берген Абу Салах аль-Узбеки (Абу Салох) есімді дала командирі болуы мүмкін. Қырғызстан қауіпсіздік қызметінің мәліметінше оны шын есім-сойы Сирожиддин Мухтаров, деп хабарлайды «Газета.Ру».
Мухтаров 1990 жылы Қырғызстандағы Ош облысының Қашғар-Қыстақ ауылында туған. Этникалық ұйғыр, бірақ құжатта ұлтын «өзбек» деп көрсеткен. «Катиба Таухид валь-Джихад» батальонының командирі. Бішкектегі Қытай елшілігінде теракт ұйымдастырғаны үшін өткен жылдан бастап Интерпол іздеуінде жүр. Қырғыз астанасында болған бұл оқиғада өлімге бас тіккен жалдамалы жарылғыш зат толған көлікпен дипломатиялық миссия қақпасын бұзып кірген еді.
Интерпол құжаттарында оның Қырғызстан азаматы екендігі, бірнеше терактіні ұйымдастырып, шекараны заңсыз бұзып өткендігі айтылады.
Еске сала кетейік, осы жылғы 3 сәуір күні Санкт-Петербург метросында жарылыс болып, одан 15 адам өліп, тағы 50 адам зардап шеккен. Кейіннен жарылысты Ресейдің 22 жасар азаматы, Қырғызстан тумасы Акборжан Джалиловтың жасағаны анықталды. Терактіге байланысты оншақты адам ұсталды, солардың арасында ағайынды Аброр және Акрам Азимовтердің бұл іске тікелей қатысы барлығы дәлелденген еді. 20 сәуірде олар Ресей азаматтығынан айырылды. Ал Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников теракт ұйымдастырушысы белгілі болғанын айтқан еді.