ӘЗІМХАН ӘБДІРАСЫЛ – ҮЗДІК МАМАН
Елімізде құқық қорғау саласын дамыту бағытында түрлі бастамалар бар. Оларды жүзеге асыруда профилактикалық жұмыстарды жүргізіп, құқық бұзушылықтарды анықтайтын, азаматтардың жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің үлесі зор.
Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері арасында «Үздік маман» байқауы өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің білігі мен білімін, дағдыларын, кәсіби шеберліктерін жетілдіру, түрлі жағдайлардағы іс-әрекеттерін бағамдау болып табылады. Жол-патрульдік полиция қызметі – халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін, әрбір іс-әрекеті үнемі қоғамның көз алдында өтетін бірден-бір құрылым екендігі белгілі. Осыған орай, дәл осы саланы таңдауының өзі кездейсоқтық емес.
Аталған байқауға қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінен 10 қызметкер қатысты. Олар өз мүмкіндіктерін көрсетіп, оқыс жағдайларға дайындықтары мен кәсіби біліктерінің деңгейін танытты.
Байқау барысында жол-патрульдік полиция инспекторлары дене шынықтыру даярлықтары, тапанша ату, жүк автокөлігін басқарудан сайысқа түсіп, Қазақстан Республикасы Заңдарынан сынақ тапсырып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету тәжірибесімен бөлісті. Байқау жеңімпазын анықтауда полиция инспекторларының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс көрсеткіштері де ескерілді.
Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін Жергілікті полиция қызметі басшылығынан арнайы құрылған комиссия анықтады. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция батальонының полицейі полиция кіші сержанты Әзімхан Әбдірасыл өз ісінің «Үздік маманы» атанды.
Сайыс соңында жарыс жеңімпазы мен қатысушылары дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі