«10 ТЕҢГЕ – 10 ҮЙ» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ
«Өрлеу Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігі қоғамда өзекті болып отырған баспана мәселесін шешудің жаңа жолын ұсынады. Қайырымдылық жобаның басталуына орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Өрлеу Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дастанбек Болатбекұлы БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
-Біз ұсынып отырған «10 теңге – 10 үй» жобасы облыста, аудандарда немесе ауылдық жерде тұратын тұрмысы төмен отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, жастарды баспанамен қамтамасыз етуді көздейді. Бәріміз аптасына 10 теңгеден қайырымдылық жасап отырсақ, қаншама жаннан сауап аламыз. Аптасына немесе айына 10 теңге я болмаса 100 теңгемізді қисақ, жылына 100-ге жуық отбасының пәтерлі болуына көмектескен болар едік, - деді қоғамдық бірлестік төрағасы Д. Болатұлы.
Бұл жоба қазіргі кезде ең өзекті болып тұрған баспана мәселесін шешудің тиімді жолдарының алғашқы бастамасы болмақ. Баспанаға мұқтаждық бүгіннің ғана мәселесі емес, халық санының өсуіне байланысты кейін де бола беретін мәселе. Аталған жоба «әр қазақ баспаналы болса екен» деген мақсатта ұйымдастырылып отыр.
«Өрлеу Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігінің арнайы қайырымдылық шарасына арналған банктік есепшоты, «Киви әмиян» және «24 касса» терминалдарында «10 теңге – 10 үй» жобасына арналған арнайы бөлімдері бар. Ақша аударымдарын сол арқылы жіберуге болады.