КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ОҚУШЫЛАРҒА КӘСІБИ БАҒДАР БЕРЕДІ
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы биыл да мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру шарасын жалғастыруда.
Жақында Палатаның ұйымдастыруымен қаладағы №1, 3, 4, 5 мектептердің барлығы 120-ға жуық оқушысы «Қазақтелеком» АҚ Қызылорда облыстық филиалының жұмысымен танысты.
Алдымен оқушылар компанияның iD Center залының жұмыс процесін көрді. Орталықтың операторы Гүлнұр Әбдірахманова заманауи телекоммуникациялық қызметтер, атап айтқанда «Әмбебап нөмір», «Ата-ана бақылауы», «Кейінге қалдырылған төлем» қызметтерін қалай алуға болатындығын көрсетті. Мұнан өзге оқушылар компанияда оператор, телефоншы, монтер, IT-мамандарына қойылатын талаптармен де танысты.
Бұл туралы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Әбдуәлі Әделхан «Біз «Ашық есік күні» арқылы «Қазақтелеком» компаниясының жұмысымен танысып, нарықта осы салаға қатысты қандай мамандықтарға сұраныстың бар екендігін, жалпы облыста қолға алынған жаңа жобалар туралы көптеген мағлұматтар алдық», - дейді.
Кәсіпкерлер палатасының мұндай шараларды ұйымдастырудағы мақсаты – жастарға болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру.
–Бүгінгі таңда бизнес өкілдері үшін сұранысқа ие мамандарды әзірлеу өзекті мәселеге айналып отыр. Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, нарықта жұмыс таба алмай отырған жастар көп, керісінше бизнеске қажетті мамандар да тапшы. Осы сәйкессіздікке жол бермеу мақсатында біз мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру шараларын үздіксіз ұйымдастырып келеміз, яғни жастарымыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ нарықта қандай мамандарға сұраныс жоғары екендіктерін көріп, жұмыстарымен таныса алады. Шара осынысымен де құнды, - дейді Палатаның Адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Гүлмира Әлназарова.
Айта кету керек, жыл сайын Палатаның ұйымдастыруымен 5000-нан астам оқушы аймақтағы түрлі кәсіпкерлік нысандарында болып, түрлі мамандық иелерімен сұхбаттасуға, жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алып отыр.