КЕНЕ ШАҚҚАН ОБЛЫС ТҰРҒЫНЫ ҚАЙТЫС БОЛДЫ
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Мырзағалиева облыста кене энцефалитінен бір адамның қайтыс болғанын хабарлады.
Ол Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 15 бекетте мал шаруашылығымен айналысқан. Аяқ асты ауырған ол 24 сәуір күні түнде Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскенмен жағдайы оңалмай, бір тәуліктен кейін қайтыс болды.
Жалпы биыл жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 97 кене шағу жағдайы тіркелді. Өткен жылдың алғашқы төрт айында 292 кене шағу жағдайы тіркеліп, КҚГҚ-на күдікті 1 жағдай анықталған болатын.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ұ.Аханаеваның айтуынша үстіміздегі жылы аймақта КҚГҚ-нан қолайсыз 117 елді мекен тізімі жасақталған. Оның ішінде 28 елді мекен Шиелі ауданында тіркеліп отыр.
-Бекітілген кестеге сәйкес 10 сәуірден басап Шиелі, Жаңақорған аудандарында кенеге қарсы өңдеу, залалсыздандыру жұмыстары аяқталды. 25 сәуірден бастап Қызылорда қаласындағы 7 қолайсыз елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары басталды, - дейді Ұ.Аханаева.