ҚКФЛ ӨКІЛДЕРІ ҚЫЗЫЛОРДАҒА КЕЛДІ
Кеше Қазақстанның кәсіби футбол лигасы өкілдерінен жасақталған комиссия Қызылорда қаласындағы стадиондарды тексерді.
ҚКФЛ спорт директоры Павел Демян жетекшілік еткен комиссия құрамына ҚФФ бас менеджері Игорь Утробин, ҚФФ сертификаттау департаменті директорының орынбасары Қайрат Смағұлов және Алматы Орталық стадионының бас агрономы Виктор Яроменко енді. Сондай-ақ стадиондарды тексеру жұмысына ҚКФЛ президенті Азамат Айтхожин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев қатысты.
Комиссияның жұмыс тобы Ғ. Мұратбаев атындағы стадион мен (2 алаң — табиғи және жасанды) «Локомотив» стадионы (жасанды алаң) алаңдарымен танысты.
ҚКФЛ өкілдері орталық стадиондағы негізгі алаңның газонын тексерді. Арнайы құрылғы көмегімен алаңның тығыздығы мен қаттылығы сараптан өтті. Ылғал мол түскен кездегі алаңның дренаждық мүмкіндігі де зерттелді. Газонды тексеру нәтижесінде оның тегіс еместігі де айқындалды. Бұл ойыншының жарақат алуының басты себебі екендігі де ескертілді.
Орталық стадионның негізгі алаңына тексеру жұмыстарының нәтижесінде барлық кемшілікті осы жылдың 1 мамырына дейін жою туралы ұсыным берілді. Әйтпесе, алаңда ҚКФЛ аясындағы ойындарды өткізуге рұқсат берілмейді.
Комиссия Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңын да көрді. Жаңа талапқа сай алаңға тексерушілер жоғары баға берді.
Тексерушілер аялдаған соңғы нысан «Локомотив» стадионы болды. Мұндағы жасанды алаңның сапасы сын көтермейтіндіктен комиссия мүшелері стадионда ҚКФЛ ұйымдастырған ресми матчтарды өткізуге тыйым салды.