«АҚТӨБЕГЕ КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗАЙЫҚ» АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Ақтөбе облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созу мақсатында Арал ауданында сәуір айының 22-24 -күндері «Ақтөбеге көмек қолын созайық» қайырымдылық акциясы өткізілді.
З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде және «Қанағат» коммуналдық базары маңында тігілген арнайы шатырда күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, киім- кешек және азық- түлік қабылданды. Қаржылай көмек беруші азаматтарға арнайы жәшік қойылды. Аталған қайырымдылық акциясына қала тұрғындары, мекеме қызметкерлері және жеке кәсіпкерлер белсенділік танытып, жалпы құны 3428600 теңге көлемінде заттай көмек жиналды.
Сонымен қатар, «Аралтұз» акционерлік қоғамы тарапынан 10 тонна ас тұзы бөлінді. Қиын кезде өзгелерге қол ұшын беруді азаматтық парыз деп білген аралдықтар табиғи апат салдарынан зардап шеккен отандастарымызға көмек қолын созуда еш аянбады.