САБАННАН ЭЛЕКТР ҚУАТЫН ӨНДІРЕМІЗ
ҚР Вице-премьері А.Мырзахметов қытайлық Macau Legend Development Ltd компаниясының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Қытайлық компания Қазақстан жерінде құны 300 млн. АҚШ долларын құрайтын сабанды қайта өңдеу кәсіпорынын құрмақшы. Бұл кәсіпорын құрылысының арқасында 500-ге жуық қазақстандық жаңа жұмыс орнымен қамтылады деп жоспарлануда. Барлық қаржылық салымдарды қытайлық тарап инвестициялайды.
Аталған кәсіпорын жобасының қуаттылығы жылына 10 млн. тоннаны құрайтын сұйық және қатты органикалық тыңайтқыштарды өңдіруге мүмкіншілік тудырады деп жоспарлануда. Сонымен қоса, зауытта метан газын өндіріп, сол арқылы 120 млн кВт электр қуатын, 70 мың тонна биологиялық лигнинді Қытай, Еуропа елдеріне экспорттау мүмкіндігі пайда болады. Өндіріс орны күнделікті 20 мың тонна сапалы қағаз өңдеуге қажетті целлюлоза шикізатын шығара алады. Ал аталған компанияның Қазақстанға қойып отырған талабы – зауытты жылына 500 мың тонна сабанмен қамтамасыз ету.