ҚАЗАҚСТАНДА ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЕҢБЕК БИРЖАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Электрондық еңбек биржасын құру мен жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтығандарды есепке алудың жаңа құралдарын енгізу» тақырыбындағы брифинг барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады, деп жазады enbek.gov.kz.
Ол өз сөзінде 1 наурыздан бері «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды. Мұндағы басты межеленген міндеттер: азаматтардың өздігімен жұмысқа орналаса алуын жүйелеу үшін сұранысқа ие кәсіптерге жаппай оқыту, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау және де жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау.
«Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында, азаматтардың жұмыс табуы мен жұмыс берушілердің білікті қызметкерлер іздеу үдерісін жеңілдету үшін электрондық еңбек биржасын құруға кірістік. Осылайша жұмыспен қамту орталықтары (әрі қарай – ЖҚО), ізденушілер, кәсіпорындар, түрлі меншік сипатындағы ұйымдар, персонал таңдаумен айналысатын рекрутинг компаниялары сынды еңбек нарығындағы барлық мүдделі тараптардан жиналатын тегін әрі біртұтас ақпараттар базасы жасалады. Осы арқылы, аталған онлайн-платформаны дүниеге әкелудің арқасында, дәстүрлі еңбек қатынасы бос жұмыс орындары мен персоналды дербес таңдау бағытына ауысады», - деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, электрондық еңбек биржасы, қазір істеп тұрған enbek.kz порталының аясында жасақталады. Бүгінгі таңда қолданыстағы ғаламтор ресурсын жетілдіруге ден қойған Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметкерлері онлайн-алаңқайға тың тетіктер қосуға күш салуда. Анығырақ тоқталсақ, электрондық еңбек нарығында, белгілі бір мүдделі тұлғалар санатына әкімшілік кедергілерді азайту мен есептілік жүйесін автоматтандыру мақсатында жеке кабинеттер құру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, электрондық еңбек биржасы, ізденушілер мен жұмысшылар жайлы толық ақпарат алу үшін мемлекеттік органдар деректері қорымен ықпалдастырылмақ.