КЕНІШТЕ ӨТКЕН КОНКУРС
Құмкөл кенішінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының «Өртті сөндіруден болдырмау оңай» атты дәстүрлі конкурсы өткізілді.
Биыл конкурстың ауыспалы кубогы үшін компания бөлімшелері, Құмкөл, Қызылқия, Арысқұм, Майбұлақ кеніштері, Тұзкөл кен орнындағы «Көлжан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қатысқан 16 команда сайысты.
Конкурсқа қатысушылар ұзындығы 100 метрлік аумақта түрлі кедергілерден тез өтіп, алауды өртсөндіргіштен және өрт сөндіру крандарынан өшіру секілді тапсырмаларды тез әрі сапалы орындаудан сынға түсті.
Өрттің өріс алуына себеп көп. Мысалы, көп ретте жел түтінді әп-сәтте жалынға айналдырып жібереді. Бірақ, қалай болғанда да өртке өріс беруге болмайды. Конкурсқа қатысушылар осы ұстанымды серік етті.
Сайыста түрлі жаттығуды тез орындаған (84,57 сек) Тұзкөл кенішінің командасы бас жүлдеге лайық деп танылды. Екінші орынға ЦДНГ (85,56 сек) командасы көтерілсе, үшінші жүлдені ЦУГ жігіттері (90,54 сек.) еншіледі.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында «Тұзкөл» командасына Samsung Galax J2 смартфоны табысталды, екінші, үшінші орын иегерлеріне шаңсорғыш пен пештер табыс етілді.