ҚАЗАҚСТАНДА ӘСКЕРИ РОБОТ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР
Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттары әскери робот дайындап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Мәжілістегі үкімет сағатында әскери шеберлік пен қаруландырудың болашағы жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін екі ғылыми-зерттеу институтымен біріге отырып, орталық ашқандарын хабарлады.
"Әскери-ғылыми орталығымыздың бірінші жобасында біз ұшқышсыз ұшатын аппарат үлгісін жасадық. Мен аппаратты көріп, оны әскери сынақтардан өткізу үшін бұйрық бердім. Олар қазір әскери роботтың жобасымен айналысып жатыр", - деді министр.
Сондай-ақ, ол ғылыми университетте 16 ғылым докторы, 28 кандидат, 47 магистр бар екенін айтып өтті.
"Меніңше, қаржыландыруды ескеретін болсақ, олар осы бағыттағы жұмысты орындап шыға алады", - деді министр Сәкен Жасұзақов.