ЕЛІМІЗДЕ ЕҢ ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚТАР ТІЗІМІ ЖАСАЛМАҚ
Елбасы мақаласында еңбек саласын дамыту ерекше назарға алынған. Осыған байланысты ресми органдар алдағы онжылдықта жойылатын және жоғары сұранысқа ие болатын мамандықтар тізімін жасауға кірісті, деп хабарлайды khabar.kz.
«Ұлттық қызметтер жіктеуіші» деп аталатын жоба 2-3 ай көлемінде дайын болуы тиіс. Сол кезде біздегі тапшы және басы артық мамандықтар туралы нақты деректер анықталады. Қазірдің өзінде кәсіпорындар білікті маман таппай қиналуда, ал жүз мыңнан астам отандасымыз дипломы болғанымен, білімі сәйкес келмегендіктен жұмыссыз жүр. Зауыттардың автоматтандырылуы да еңбек нарығына кері әсерін тигізуде.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
-Адам орнына робот немесе автомат жұмыс істейтін болса, өндіріс саласында көптеген мамандар босауы мүмкін. Екінші жағынан, сол өндірістерге жаңа сандық технологияларды қолданған соң жоғары білікті мамандар қажет болады. Бұл мамандар көбіне ақпараттық технологиялар саласына керек.