ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМДЕРІ ТӘЖІКСТАНДА САТЫЛАТЫН БОЛАДЫ
Француздық «Auchan» (Ашан) бөлшек сауда желісінің операторы Душанбедегі өзінің супермаркетінде қазақстандық өнімдерді сатуға ниет білдіруде. Бұл туралы бүгін ритейл басшылығымен өткен кездесу қорытындысы бойынша «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов хабарлады, деп жазады primeminister.kz.
«Душанбеде өткен жазда Орталық Азиядағы «Auchan» халықаралық сауда желісінің алғашқы гипермаркеті ашылды, бүгін біз ритейл басшылығымен келістік, енді импорттық өнімдермен қатар, дүкен сөрелерінде қазақстандық азық-түлік өнімдері де сатылатын болады, солардың ішінде: кондитерлік тағамдар, жұмыртқа, балық, май өнімдері, ұн, майонез, күріш, сусындар және тұз секілді өнімдер бар», –деді М. Майкенов.
«Auchan» өкілдері жоғарыда аталған өнімдермен қатар, «Рыбпром» ЖШС компаниясының Орталық Азияда ұқсастығы жоқ, балықтан жасалған жартылай дайын өнім шығаратын жаңа желісінің өнімдеріне де қызығушылық танытты.
«Бізге Тәжікстанның нарығы қызығушылық тудыратыны анық. «KAZAKH INVEST» қолдауының арқасында біз бүгін «Auchan»-ның категориялық менеджерлеріне өз өнімдерімізді таныстырдық. Қазір біз желіге өзара тиімді жағдайларға негізделген тікелей келісімшарттар әзірлеудеміз», – деді келіссөздердің қорытындысы бойынша «Рыбпром» ЖШС директорының орынбасары Серік Тімірханов.
«Caspian Beverage Holding» компаниясы Тәжікстан нарығымен алғашқы рет танысуда.
«Біздің өнімге ұқсас жергілікті және импорттық өнімдердің бағасы біздің жеткізу құнын есепке алғандағы бағадан жоғары болғаны таңқалдырды. Жақын арада Тәжікстанда өнімдеріміз сатыла бастайтын болады», – деді «Caspian Beverage Holding» АҚ-ның өнімді аймақтық экспорттау жөніндегі директоры Роман Пасичниченко.
Ертең Душанбеде барлығы 30-дан астам компаниядан тұратын фармацевтика, машина жасау, құрылыс, азық-түлік өнімдерінің отандық өндірушілерінің қатысуымен «Қазақстан – Тәжікстан» сауда миссиясы бастау алады. Тәжікстан тарапынан біздің өнімді сатып алуға ниет танытушы шамамен 120 компания мәлімделген.