ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫНА АРНАЛҒАН ЖИЫН
Достық үйінің мәжіліс залында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылауға арналған Бірыңғай республикалық күні аясында облыстық ассамблея активінің сарапшылармен кездесуі өтті. Оған облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, жастар қанаты, ғылыми-сарапшылық топ, облыстық, қалалық Қоғамдық келісім кеңесі, кәсіби медиаторлар және БАҚ өкілдері қатысты.
Актив отырысы барысында облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Елбасы еңбегінде ұлттық тарих, бүгін мен болашақтың қалыптасуы, ұлтқа деген шексіз махаббат қамтылады. Туған жердің қадір-қасиетін ұмытпауға, керісінше ұлықтауға шақырған бастамада ұлттық болмысты сақтау мәселесі де жан-жақты қамтылғандығы баршаны қуантады. Бүгін біз осы мақала төңірегінде ашық пікір алмасу өткізу үшін бас қосып отырмыз», -деді.
Ал, «Славяне» этномәдени бірлестігінің мүшесі Майя Бусыгина бала бойына патриотизмлді қалыптастырудың маңызы жайлы айтты. «Сәбиді балабақшадан патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Сонда біздің бірлігіміз бекем, ұрпағымыз рухты болып өседі. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр барлық ұлттық құндылықтар жатады. Осы құндылықтарды ардақтап, әспеттеген ел ғана тозбайды. Міне, Елбасы өз мақаласында осыған үлкен назар салуға халықты да шақырып отыр», -деді ол.
Жиынға қатысушылар Елбасы мақаласының осы бағыттары туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының мүшесі Талғат Телеубаев, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин де ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ өкілдерінің пікірлері тыңдалды. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, латын әліпбиіне көшу, ұлттық код, білім сапасын жақсарту және тағы басқа маңызы жоғары мәселелер талқыланды. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, сараптамалық кездесу пікір алмасуға жалғасты.