КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРМЕН ТАНЫСТЫРДЫ
Бүгін облыс әкімдігінде актив жиыны өтіп, онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиналғандарды бірқатар кадрлық өзгерістерден хабардар етті. Жаңадан тағайындалған басшыларды таныстырып, олардың түрлі қызмет сатысынан өткен мамандар екендігіне тоқталды. Азаматтардың қызметіне табыс тіледі.
***
Облыс әкімінің өкімімен Жалғасбаев Ертілеу Шынтасұлы Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Е.Жалғасбаев 1962 жылы туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы «Сельхозтехника» бірлестігінің заңгер-кеңесшісі ретінде бастаған. 1985-2017 жылдары прокуратура органдарында қызмет атқарды. Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қаласының прокуроры, облыс прокурорының орынбасары секілді жауапты басшылық қызметтер атқарған.
2010 жылдан бастап ағымдағы жылдың ақпан айына дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы.
***
Облыс әкімінің өкімімен Әбдіхалықов Ержан Қыпшақбайұлы Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Ержан Әбдіхалықов 1982 жылы туған. Алматы энергетика және байланыс институтын «инженер-энергетик» және «жылу энергетика магистрі» мамандықтары бойынша бітірген.
2013-2016 жылдары Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.
2016 жылдың қараша айынан бастап осы кезге дейін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
***
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы лауазымына Сейітов Өркен Құрбанбайұлы тағайындалды.
Өркен Сейітов 1974 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Прокуратура органдарында 1999 жылдан бастап еңбек етуде.
2013 жылдан бастап осы кезге дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аға прокуроры.
***
Даулетбахов Мұрат Шымкентбайұлы Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Мұрат Даулетбахов 1966 жылы туған. 1994 жылдан бері әскери қызметте.
2013 жылдан бастап осы кезге дейін Жамбыл облысы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары.
***
Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы лауазымына Ідірісов Бақытжан Жеткерұлы тағайындалды.
Бақытжан Ідірісов 1971 жылы туған. Қызылорда педагогикалық институтын «биология және химия пәнінің мұғалімі», сондай-ақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «экономика және бизнес бакалавры» мамандықтары бойынша бітірген.
2012-2014 жылдары облыстық жұмылдыру дайындығы, сондай-ақ мұрағаттар және құжаттама басқармаларында басшының орынбасары қызметтерін атқарған.
2014 жылдың желтоқсан айынан бастап осы кезге дейін облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы.
***
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қызылорда филиалының директоры қызметіне Мұстафин Әсет Жапарұлы тағайындалды.
Әсет Мұстафин 1969 жылы туған. Новосибирск электротехникалық институтын «инженер-электромеханик», сондай-ақ Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «экономист» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы «Жарыс» кіші кәсіпорнының инженер-энергетигі ретінде бастаған. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүйесінде 2005 жылдан бері еңбек етуде. 2013 жылдың наурыз айынан бастап осы кезге дейін Ұлттық банкінің Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары.