ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН АДАМИ КАПИТАЛҒА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛГЕН
Мемлекет басшысының жақында респубикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына ұлттық құндылыққа, адами капиталға ерекше мән берілген.
Онда көтерілген әр мәселе халықтың көңілінен шығатын, маңызды дүниелер. Уақыттың өзі қазір білектінің емес, білімдінің заманы туғанын көрсетіп отыр. Бұл ретте, біздің облысымызда облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының аймақ жастарын түрлі бағдарламаларды қолға алып, шет елдерде оқытуын көрегендік деп айтар едім.
Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы жастардың бойында патриоттық сезiмiн нығайтып, ауыл-аймақтардың көркейiп, гүлденуiне сеп болары анық. Әсіресе, аталмыш бағдарлама аясында туған жердің өсіп, өркендеуіне үлес қосып жатқан азаматтарды насихаттауға қатысты айтқаны ерекше көңілімнен шықты. Бағдарламаны іс жүзінде жүзеге асырып жүрген азаматтар біздің өңірімізде де жеткілікті. Мәселен, Абзал Ералиев, Мінәжадин Өтеев, Сейітқали Алшынбаев, Қылышбек Әбішев сынды іскер ағаларымыздың өз туған жерлерінде жасап жүрген игі тірліктері бүгінде көпке үлгі болып отыр. Бұл азаматтардан өзге біз біле бермейтін, есімі аталмай, алайда ізгі іспен айналысып жүрген жандар қаншама? Осындай азаматтарымызды қоғам болып насихаттауды қолға алсақ болашақта өз-өзіне сенімді, қайырымды ұрпақ тәрбиелейміз деген сөз.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», мақалада атаның қаны, ананың сүтімен дарыған ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, бүгінгі жаңа ғасырдың жаңалықтарын бойымызға сіңіріп, көштен қалмауымыз қажеттігі айтылған. Ол үшін бірлігіміз бекем болып, тынбай еңбек етуіміз керек деп білемін.
Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасының
директоры.