ТЖД ҚЫЗМЕТІНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЖАСАЛДЫ
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі О.Бержановтың төрағалығымен құрылым бөлімшелерінің 2017 жылғы бірінші тоқсандағы қызметтерін қорытындылау және алдағы кезеңге қойылған міндеттерге арналған жедел кеңес өтті.
Кадр жұмысы бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі М.Қобландиев атқарған жұмыстары туралы баяндап, Көкшетау техникалық институтына түсу бойынша үгіт – насихат жұмыстарына, азаматтық қорғау қызметкерлерін тестілеу нәтижесіне тоқталды. Өрт сөндіру қызметі мен департамент бөлімшелері жеке құрамының әскери қызметтік тәртібі бойынша мәселелер қаралды.
Жиында өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Р.Малдыбаев есепті кезеңдегі орын алған өрттердің саны мен шығу себебін өткен жылдың осы мерзімімен салыстырмалы түрде баяндады. Жыл басынан облыста 95 өрт тіркеліп (2016 жылы - 106), 21 256 000 теңге материалдық шығын келген. Өткен жылдың осы мерзімінде өрттен 6 адам қаза болса, 2017 жыл басынан бері өрт кезінде адам қазасы тіркелген жоқ.
Штаб тобының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Қ.Тілесов өз хабарламасында ақпараттарды уақытылы жолдау, сараптамалық құжаттарды сауатты дайындау және кешенді тексеру кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертпелерді жою жайлы айтты.
Кеңес соңында бөлімше басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді.