СОТТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМАНЫ БЕРУДІҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ ТУРАЛЫ

2016 жылдың 15 желтоқсанында Үкіметтің №816 қаулысымен Мемлекеттік көрсетілетін қызмет тізіліміне соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтамаға қатысты өзгертулер енгізілді.
«Бүгінгі күннен бастап азаматтар жаңа үлгідегі анықтаманы ала алады. Жаңа тізілім бойынша осы мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы «Тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы немесе болмауы туралы анықтама беру»-дің орнына «Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру» болып өзгерді.
Жаңа Стандарт қабылданғаннан кейін соттылығы өтелген немесе алынып тасталған, оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған азаматтар «Соттылығы жоқ» жазбасымен таза анықтама алатын болады.» - деді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин.
Айыппұл салынған адамдар оны төлегеннен кейін, соттылықтың өтелуі туралы мәліметтерді енгізу үшін Комитеттің аумақтық органдарына жүгінулері қажет.
Сондай-ақ, қағаз жүзінде соттылықтың болуы немесе болмауы туралы апостиль қойылған анықтаманы қажет ететін шетелге шығатын тұлғаларға – анықтама 22 күннен 8 жұмыс күніне дейін қысқартылған мерзімімен бірыңғай қызметте берілетін болады.