ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖАЙЛЫ ТҮСІНДІРМЕ ЖАСАДЫ
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілетіні белгілі. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылып, оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Осыған байланысты Шиеліде ақпаратты-түсіндіру тобы өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын өткізілді. Жиынға А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов, ҚР Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бақыт Исмаханбетов және облыстық медицина орталығының директоры Сәбит Пазылов қатысты.
Аудан әкімі Қ. Сәрсенбаев аудан бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тұрғындар арасында ақпараттық түсіндірме бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын айтып өтті. Сондай-ақ, республикалық ақпараттық топ мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.