ПАЛАТА ҚОЛДАҒАН ЖОБА ЖЕМІСІН БЕРУДЕ
Өткен жылдың қараша айынан бастап Қызылорда қаласында Fastrackids халықаралық білім Академиясының филиалы жұмыс жасауда. Бүлдіршіндерге қызмет көрсетуші орталық бүгінде тек таңдалған бағыт бойынша ғана мамандарды жұмысқа тартқан, ал қалған сервистік: заңгерлік, бухгалтериялық және ақпараттық технология саласына қатысты қызметтерді Кәсіпкер палатасынан тегін алып отыр.
Орталық басшысы Галина Цой жұмысты ұйымдастыру барысында сапалы қызмет көрсеткені үшін Кәсіпкерлер палатасына алғысын білдірді. Ол Палатаның қызметіне жүгіну арқылы қаржысын, уақытын үнемдегенін айтады.
Fastrackids халықаралық балалар академиясы – бұл 1,5 және одан жоғары жастағы балаларға арналған кең ауқымды білім бағдарламасы. Fastrackids бұл - «қадамын алға жылдам басатын балалар» дегенді білдіреді. Аталмыш бағдарлама аясында 30 мыңнан астам бала, әлемнің 52 мемлекетінде білім алуда. Fastrackids халықаралық білім академиясының бас кеңсесі АҚШ-тағы Денвер қаласында орналасқан. Бағдарлама әлемнің 19 елінің тіліне аударылған.
Fastrackids халықаралық балалар академиясының Қазақстандағы өкілдігі 2008 жылы ашылып, бүгінде елімізде 18 қалада 28 академия жұмыс істеуде. Бағдарлама ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде оқытылады.
Fastrackids балалар академиясы әлеуметтік маңызы бар жоба. Оның құзыреті балаларды табысты болашаққа дайындау. Академияның бағдарламалары балалардың шығармашылық, әлеуметтік, коммуникативтік қабілеттерін жан жақты дамытуға бағытталған.
Қызылорда қаласындағы Fastrackids академиясы балаларды 1,5 жастан бастап қабылдап, 3 бағытта дамытады. «Басты мақсатымыз айналамыздағы дүниені жақсарту, балаларға жаңа мүмкіндіктер беру, олардың оқуға деген құштарлығын ояту, әріқарайғы оқуға негіз қалау, олардың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамыту», -дейді Орталық басшысы Галина Цой.
Ал, Fastrackids бағдарламасының артықшылығы неде? Сабақ компьютерлік бағдарламаларға негізделген, материалды игерту компьютерлік технологиялардың, проектор мен интерактивті тақтаның көмегімен жүзеге асырылады. Сабақта мұғалімдер мультимедиялық бейнежазбаны, дыбысты, түрлі иллюстрацияларды көрсете алады, балалар тақтадағы пәндерді, әріптерді, бейнелерді қозғалта алады. Интерактивті тақтаны қолдану балалардың білімге деген құштарлығын оятады, тақырыпты тез меңгеруіне көмектеседі, және сабақтың өнімділігін арттырады. Бұл сабаққа балалар қызыға қатысады. Академияда балалар астрономия, биология, математика, Жер туралы ғылым, театр, өнер, палеонтология, қызықты химия т.б пәндерден білім алады. Одан бөлек, танымдық тәжірибелер мен эксперименттер жүргізу арқылы қоршаған ортаның құрылымымен танысады. Балалар өздерін еркін ұстайды, сабақ зиг-заг түрінде өтіледі. Яғни балаға шаршауға, жалығуға жол берілмей, сабақ түрлендіріліп отырады.
Сонымен қатар Fastrackidsакадемиясында төрт жастан бастап ағылшын тілі үйретіледі. Бұл бағдарламаның артықшылығы виртуалды педагогпен жұмыс істеу, яғни интерактивті тақта таза ағылшын тілінде сөйлейді, бала естиді, көреді, ашық түсті бейнелермен жұмыс жасайды, бұл материалды игеру дәрежесін өсіреді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі