ҚАЗАҚСТАНДА “САНДЫҚ ӘСКЕР” ҚҰРЫЛАДЫ
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас штаб басшысының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Президентінің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әскердің күнделікті қызметін тиімді басқару үшін жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы «Цифрлы Әскер» бағдарламасы жасақтала бастады. Ол «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен ықпалдастырылады. Атап айтқанда, ұлттық жерсеріктік байланыс жүйесі негізінде жерсеріктік байланыстың жердегі желісін құру, басқару нысандарында ақпараттық-телекомуникациялық инфрақұрылымдарды салу, Қорғаныс министрлігінің цифрлық ғылыми-эксперименталды базасын дамыту, ақпараттық қауіпсіздіктің әскери-ғылыми хабын жасақтау және арнайы мақсаттағы геоақпараттық платформаны құру», – деді М. Таласов.
Оның сөзінше, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру құпия ақпараттармен алмасудың қауіпсіз жүйесі – мәліметтермен алмасудың тұрақты жүйесіне негізделген цифрлық құпияландырылған құжат айналымын құруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар «Цифрлық әскери білім беру және ғылым» жобаларын жүзеге асыру әскери білім беру мекемелерінің базасында ғылыми инновациялардың дамуына жол ашады.
Ал «Цифрлы әскери медицина» әскери-медициналық бөлімшелер мен мекемелерде әскери қызметкерлерге және олардың отбасыларына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға септеседі.