ЕЛІМІЗДЕ КИІКТЕРДІ СПУТНИК АРҚЫЛЫ БАҚЫЛАЙТЫН БОЛДЫ

Қазақстан биотүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) қызметкері Алексей Тимошенконың айтуынша, киіктер Жангелді ауданының аумағына кірген. Қазір жануарлар Жолаба атырабынан шамамен 250-300 шақырымдай жерде жайылып жүр. Айта кетсек, былтыр мамыр айында дәл осы мекенде киіктер жаппай қырылған еді.
Еске сала кетсек, өткен жылы облыс аумағынан 134 мыңнан астам киіктің өлексесі табылған еді, бұл әлемдік популяцияның үштен бірі. Қалған жануарлар шекара асып, көршілес Ақтөбе облысына қарай ығысқан.
Биыл киіктерге ерекше көңіл бөлінбек. Қазірдің өзінде спутниктердің көмегімен жануарлардың қайда бет алып, жол тартқаны жіті бақылауда. Мамыр айында ҚБСҚ киіктер төлдеп жатқан аймаққа кешенді экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.