ЕЛ БОЛАШАҒЫ – БІЛІМДІ ЖАСТЫҢ ҚОЛЫНДА
Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Елбасымыз осы мәселені ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Елімізде жастардың сапалы білім алуына, заманауи технологияны игеруіне, ғылымды жетік меңгеруіне барынша мүмкіндік жасалған. Соңғы буын өкілдерінің әлемнің белгілі оқу орындарынан білім алуына қолайлы жағдай бар. Осының нәтижесінде шетелдік тәжірибені елімізде енгізуге назар аударылып келеді. Бұл Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың өскелең ұрпаққа деген нық сенімінің айқын көрінісі.
Мемлекет басшысы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты үндеуінде көптеген маңызды мәселелер қамтылған. Онда білім саласының өрістей түсуіне ерекше ден қойылғандығы айтылды. Қазір ғылым мен технологияның қарыштап дамыған тұсы. Соған сәйкес кәсіптік қажеттілікте күн санап өзгеріске ұшырауда. Сағат сайын тың өзгерістер орын алатын замана көшіне біздің жастар тек білім арқылы ілесе алады. Кәсіпті де, ғылымды да уақыт талабына сай игере алатын маман қалыптасады. Біз сапалы білім беру арқылы білікті маман қалыптастырғанда ғана әлемнің дамыған елдерімен иық теңестіре аламыз.
Бүгінде еліміз білім саласын қаржыландыруда әлем елдері арасында алдыңғы қатарда келе жатыр. Бұл өз кезегінде бүгінгі жас ұрпақтың оқу-білімге ден қоюын талап етеді. Себебі, сол арқылы ұлттық құндылықты, рухани байлығымызды сақтай аламыз. Білімді адам ғана өткені мен бүгінін, болашағын болжай алады. Туған тарихын, жер қазынасын, ұлт байлығын игереді. Көзі ашық, сауатты ұрпақ туған халқының қадір-қасиетін бағамдай біледі.
Гүлмира МИМАНОВА,
№11 мектеп-лицейінің мұғалімі.