РУХТЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ – ҰЛТТЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ
Бүгін облыс әкімдігінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын түсіндіруге арналған идеологиялық актив өтті.
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ. Ысқақов төрағалық еткен активке ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Н. Тілешов қатысты.
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Елбасы мақаласының ел дамуындағы маңызы жайлы айтып өтті. Ұлттық руханияттың бесігі саналатын Сыр өңірінде Елбасы бастамашы болған «Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымындағы істерді саралады. Бағдарламаға орай аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіш саналатын нысандардың бірқатарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, оларды зерттеу жүйелене түсті.
Орынбор мен Ташкен мұрағаттарындағы Сыр өңіріге қатысты деректер мен мәліметтерді іздеу де жолға қойылды. Осының арқасында біраз құнды дерек өз мұрағатымыздан қайта орын тепті. Облыс басшысының қолдауымен Байқоңыр қаласынан жергілікті архив ашылып, Ресей мұрағатындағы деректеріміз өзімізге оралды.
Аймақта рухани-мәдени бағыттағы бастамалар жайлы баяндаған облыс әкімінің міндетін атқарушы Елбасы мақаласынан туындайтын мақсат-міндеттер жайын да айтып өтті. Рухани жаңғыруды жүзеге асыруды жүйелейтін жауапты орындарға тапсырмалар берді.
Осыдан кейін Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының құрылтайшысы, ақын Шаһизада Әбдікәрімов Елбасы мақаласына орай пікірін жеткізді. Азуын айға білеген мемлекеттердің рухани жетілудің кемшіндігінен тығырыққа тірелгендігін айтты.
Активтегі пікірлер легін Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Н. Мыңжасов, Қызылорда облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Б. Бердәулетов, «Қоғамдық келісім» орталығының басшысы У. Ибраев, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры А. Абасиловтер жалғады.
Қазір қазақ тілінің табиғи заңдылығы барынша бұзылып барады. Үндестік заңы ескерілмей, кірме сөздер қазақы айтуға лайық болмай тұр.
– Әліпбиімізді латынша таңбалау ең алдымен осы мәселелерді түбегейлі шешеді, – дейді ғалым Аман Мәделіханұлы.
Бірақ әліпби ауыстыру – әлеуметтік мәселе. Сондықтан да ел арасында түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ, отырыс барысында «Ұлттық сана», «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Мәдени-географиялық белдеу», «100 жаңа есім» және өзге де мәселелер кең көлемде талқыланып, қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды.
Айта кететіні, жиынға Қызылорда қаласы мен аудан активтерінің мүшелері, аумақтық және жергілікті департамент, басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкерлері мен белсенді мүшелері, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен орынбасарлары, БАҚ, ҮЕҰ және саяси партия өкілдері, этномәдени бірлестік жетекшілері, «Қоғамдық келісім» орталығы қызметкерлері мен бірқатар жастар ұйымдары қатысты.