ҚЫЗЫЛОРДАДА «АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІ МЕКТЕП КЛУБТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ СЛЕТІ ӨТТІ
Бүгін облыстық №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары қауымдастығының алғашқы рет облыстық І слеті өтті.
500-ден аса клуб мүшелері қатысқан шарада оқушылар облыстық «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары қауымдастығының қатарына салтанатты түрде қабылданып, төсбелгілер тақты.
Өңірдегі 284 жалпы білім беретін мектептерде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының жұмысы ұйымдастырылып, жастардың бойында өнегелілік, жауаптылық, бастамашылдық, патриоттылық сынды қасиеттер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы кешенді шаралар қолға алынды.
Қазіргі клубтың бес жарым мыңнан астам мүшесі бар. Слет барысында облыстық «Адал ұрпақ» клуб қауымдастығы құрылып, білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қызылорда облыстық білім басқармасының басшылары меморандумға қол қойылды.