БҰЛ — ҰЛТТЫҢ ҰСТЫНЫН НЫҚТАЙТЫН ҚҰЖАТ
Ұлтты құлатпайтын ұстыны-тілі, ділі, және тарихы мен салт-дәстүрі екендігі айдан анық. Жасыратыны жоқ, біздің замандастарымыз шетелдің даңғазасы мен кері әдеттеріне шектен шыға елітіп, өз халқының құндылықтарын аяқ-асты етіп бара жатыр еді. Ең өкініштісі- соңғы кездері ұрпақтар сабақтастығының нәзік арқауы тым жіңішкеріп кеткен секілді. Осындай кереғарлықтардың әсерінен кейінгі жас толқынның бойында жоғарыда аталған қасиеттер мен отаншылдық қасиет бәсең тартқандай ма.
Расын айтар болсам, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан адамның ішкі дүниесін жаңарту, мәдениеті мен парасатын көтеру тұрғысындағы бағыт-бағдарлы қадамды көптен күткен едім. Сондықтан да мемлекет басшысының жуырдағы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты үндеуін жаңа заман адамын тәрбиелеудегі кеткен көптеген олқылықтардың орнын толтыруы тиіс маңызды құжат деп қабылдадым.
Заман көшіне ілесу үшін әр адам ішкі дүниесін өзгертіп, жағдайға бейімделуі керек. Бұл туралы Президент өте орынды атап көрсетіпті: «Біріншіден – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншіден – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Түсінікті әрі өте орынды айтылып тұр. Мұны әр отандасымыз өз өміріне арқау етіп, мақсатты түрде орындауы қажет деп ойлаймын. «Мәңгілік ел» идесын ұстанған қандастарымыз осы жолда рухани серпіліс арқылы бүтін қоғамның тынысын өзгертетін тиімді жаңашылдыққа баруы тиіс. Терең білімді әрі рухани жағынан бай адамдар көшбасында болып, мемлекеттік бағдарламалардың өз дәрежесінде орындалуына сөзбен ғана емес ісімен де атсалысуы тиіс. Маңызды құжатта туған жерді құрметтеу, «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына баруды баяндайды. Шын мәнінде, мұны терең түсіну — болашаққа нық қадам басу болмақ.
Жуырда кенттің түнгі өміріне зер салдым. Сонда байқағаным, адамдардың жиі шоғырланатын жерлері-мейрамхана, кафе, сырахана, кәуапхана, сауна мен моншаның маңы екен. Қажеттіліктерге байланысты бұл да керек шығар, алайда, көп жастарымыз әдеби кітаптан алшақтап, газет- журнал ұстамайтын халге жеткен секілді. Амал жоқ мойындауға тура келеді, бұл енді қорқыныш! Көрініп тұрған қауіп –қатерге қарап, қол қусырып отыра бермей, бір әрекет жасауымыз керек қой, сондықтан да жерлестерімізді саламатты өмірге тарту ниетімен орталықтан «Тастүлек» атты теннис клубын ашып, жұмысын бастадық. Мұнда шахмат, дойбы, асық ату ойындарымен шұғылдануға мүмкіндігі бар.
Иә, замана көшіне шынайы көзбен қарап, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа алғанымыз жөн.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі